Қалаларда ғимараттарды тығыз және ретсіз салу проблемасы шешімін табады – Қайырбек Өскенбаев

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйлеп, өнеркәсіп, көлік, құрылыс және жер қойнауын пайдалану салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндады. 

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қалыптасқан сыртқы экономикалық жағдайды ескере отырып, өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясат импортты алмастыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту сияқты екі бағытта жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта бұл бағыттар бойынша тиісті бағдарлама әзірленді. Оның шеңберінде өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп инвестициялық жобалар пулы жасалып, оған 747 жоба енгізілді. Оның ішінде негізгі 131 жоба анықталды. Осы жобаларды іске асыру саладағы қазіргі 580 мың жұмыс орнына қосымша 131 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Бұл бастамаларды іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде пысықталуда. Олар өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен толыққанды жүктеу, ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар айналасында өндірістік және тұтыну мұқтаждықтары негізінде шағын және орта бизнес белдеуін құру, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерін шетелдердің озық кәсіпорындарында тағылымдамадан өткізу, индустриялық жобаларды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты міндеттерді көздейді. Бұл бастамалардың барлығы Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмалары бойынша әзірленген заң жобасына енгізілген», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Министрлік құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да өте үлкен жұмыс атқарды. Атап айтқанда, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және халық үшін қолайлы өмір сүру жағдайын жасауға ерекше назар аударылды.

Азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіру үшін тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Онда есепке алу және кезекке қою тәсілдерін өзгерту, сондай-ақ табыс көлеміне қарай қолдау шаралары қарастырылады. 

Мамыр айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табысы шектеулі 70 мыңға жуық азаматтың баспана мәселесін бір мезгілде шешу үшін нарықтан үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемін беру тетігі іске қосылады. Сондай-ақ кезекте тұрғандар үшін 10% бастапқы жарнамен және  2-5% мөлшерлемемен «Отбасы банк» арқылы кредиттік тұрғын үй және жеңілдікті несие беру жалғасады.

Биыл тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға беруді қарастыратын жастар бағдарламаларын 7 өңірде – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында іске қосу жоспарланып отыр.

Ауылдық жерлерден мамандардың кетуін азайту үшін қызметкерлеріне үй салған жұмыс берушілерге субсидия төлеу жүйесі енгізілмек.

Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалаларда ғимараттардың тығыз және ретсіз салынуы сияқты күрделі проблеманы шешуге нақты қадамдар жасады. Қазір кешенді қала құрылысы сараптамасы енгізілуде. Бұл шара халық үшін барлық әлеуметтік маңызды объектілерді ескере отырып, қолайлы құрылыс салуды жоспарлауға мүмкіндік береді.

«Биылдан бастап жер ресурстарын тиімді пайдалану, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңістіктер сапасын арттыру есебінен ықшам және түрлі ғимарат салу арқылы «шаршы метр құрылысынан» жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жүйесіне көшеміз. Ол үшін алдағы маусым айында құрылыс салуды жоспарлаудың жаңа стандарттары бекітіледі», – деді Қ.Өскенбаев.

Сонымен бірге саланы цифрландыру арқылы құрылыс сапасын күшейтуге шаралар қабылдануда. Биыл шілде айына дейін тұрғын үй құрылысы объектілері мен автожолдарда «eQurylys» ақпараттық жүйесі енгізіледі. Ол онлайн режимде құрылыс барысын мониторингілеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының қатысуымен нысандарды пайдалануға қабылдауды күшейту жоспарлануда.

Көлік саласын дамыту шеңберінде жүйелі өзгерістер енгізілмек. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірге жолаушылар вагондары  жаңартылуда. Жүк тасымалын арттыру үшін ұйымдастыру іс-шараларының жоспары әзірленді. Оған бастапқы тіркеу үшін алымнан босату және ершікті тартқыштарға арналған кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін нөлге теңестіру, тасымал географиясын кеңейту мәселелері енді.

Еліміздің автобус паркін жаңарту мақсатында бастапқы жарнасыз 7 жылға дейінгі мерзіммен автобустарды сатып алуды лизингтік қаржыландырудың жаңа бағдарламасы пысықталуда.

Қайырбек Өскенбаев автожол жобалары тақырыбын да қозғады.

«Ел халқын толғандыратын маңызды мәселенің бірі автожолдарды салу және жаңғырту жобаларын аяқтау болып отыр. Әлеуметтік маңызды барлық жобалар Министрліктің тұрақты бақылауында. Барлығын мерзімінде аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Атырау-Астрахань, Атырау-Орал, Нұр-Сұлтан-Алматы, Талдықорған-Өскемен, Қызылорда-Жезқазған, сондай-ақ бірқатар жергілікті жолдарды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Дереккөз: ҚР ИИДМ сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған