ҚР ИИДМ Астрахань облысы әкімшілігімен ынтымақтастықты дамытуда

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Нұр-Сұлтанда РФ Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және өзара қызығушылық бар салаларда әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен РФ Астрахань облысымен шекаралық ынтымақтастығы өнеркәсіп, сауда, туризм, медицина және білім беру сияқты көптеген бағыттарда қалыптасқан. Екі жақты қарым-қатынаста логистика мен көлік, кеме жасау және кеме жөндеу маңызды бағыттар саналады.  Кездесуде Қайырбек Өскенбаев атап өткендей, бұл бағыттар Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзиттік дәліз ретінде екі елдің дамуында ерекше маңызды және өзекті. Ресеймен және Белоруссиямен әріптестіктің арқасында Қытайдан Еуропаға контейнерлер 12-15 күнде жеткізіледі. Контейнерлік тасымалдар көлемі соңғы бес жылда бес есеге артты. Қазақстан мен Астрахань облысы арасындағы тасымалдар көліктің барлық түрімен ұлғайды. Бұл ретте экспорттық-импорттық, сондай-ақ транзиттік қатынастарда қолданылады. Кеме жасау және кеме жөндеу саласындағы байланыстардың дамуында оң серпін бар. Қазақстандық компаниялар Астрахань облысының кеме жасау және кеме жөндеу қуаттарын белсенді пайдаланады. Әріптестікті кеңейтуге Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі тиімді мүмкіндіктер ықпал етуде. Қазір тараптар Маңғыстау облысында кеме жөндеу қуатын ұлғайту және Атырау облысында кеме қатынасын дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Тиімді және жылдам нәтижеге қол жеткізу үшін екі жақ жалпы жобаларға қатысты мәселелерді шешумен айналысатын ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Астрахань облысының губернаторы ҚР ИИДМ-нің белсенді ұстанымы үшін алғысын білдіріп, екі жақты ынтымақтастық кеңейіп, қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған