Біріккен Ұлттар Ұйымының күні

24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымының күні. Бұл күн әлемде 1948 жылдан бастап аталып келеді. БҰҰ күні 1945 жылы БҰҰ Жарғысы күшіне енген күннен бастап аталып өтіледі.

Қазақстан БҰҰ мүшелігіне 1992 жылғы 2 наурызда қабылданды. Сол күннен бастап біздің еліміз Ұйымның халықаралық құқық негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ халықаралық қатынастарда сенімді қалпына келтіруге бағытталған бастамаларын толық қолдайды.

 «Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіләлемдік мінберіне айналды. Адамзат одан өзінің әралуандықтағы бірлігін, біздің ғажап бірегей планетамыздың тағдырына қатыстылығының ортақтығын сезінеді», – деген болатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның барлық маңызды бастамалары БҰҰ жоғары мінберінен айтылып, әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие болды.

«БҰҰ бүкіл әлемдік қоғамдастықтың еркіндігін көрсететін әмбебап және баламасыз халықаралық ұйым болып қала береді», – деді 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болып жұмыс істеген Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев.

БҰҰ-ның айтулы күніне орай Елбасы кітапханасы бейбіт идеяларды жүзеге асыруға және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Қазақстан мен БҰҰ арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың тарихы туралы бейнеролик дайындады.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған