Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту

Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Жобада жолақтарды 300 метрге ұзарту және әуе кемелерінің қазіргі заманғы үлгілерін қабылдау үшін жарық-дыбыс жабдықтарын ауыстыру көзделген.

Жеке инвестициялар есебінен Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. Нәтижесінде терминал алаңы 3,8 мың м2-ден 35 мың м2-ге дейін кеңейіп, өткізу қабілеті сағатына 150-ден 2000 жолаушыға дейін артады.

Жаңа терминал халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Бұл мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасайды.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғыртып жатыр. Терминал аумағы екі еседен астам ұлғайтылып, өткізу қабілеті сағатына 100-ден 200 жолаушыға дейін жеткізіледі.

Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың соңында және келесі жылдың бірінші жартыжылдығына аяқтау жоспарланған.

Алакөл көлінің туристік орталығына көлікпен барып-қайтуды қолайлы ету мақсатында Үржар ауылының ұшу-қону жолағын және аэровокзал ғимаратын реконструкциялау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, рөлдеу жолын және перронын реконструкциялау жұмыстары басталды.

Осы жобаларды іске асыру әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жақсартып,  қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарттарын арттыруға ықпал етеді.

Дереккөз: ҚР ИИДМ сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған