Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісін дамыту бойынша жол картасы әзірленіп жатыр

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс материалдарын өндірушілерге және құрылыс компанияларына аталған жол картасын әзірлеуге қатысып, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын беруді ұсынды.

ҚР ИИДМ-де өткен кеңейтілген кеңесте құрылыс индустриясын дамыту және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жергілікті қамту үлесін арттыру және тұрғын үй құнын төмендету бойынша берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің төрағалығымен онлайн-режимде өткен жиынға құрылыс өнеркәсібі кәсіпорындарының, жергілікті атқарушы органдардың, салалық қауымдастықтардың, «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Samruk-Kazyna Development» ЖШС және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар құрылыс саласының 2021-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспарларын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту, сондай-ақ құрылыс индустриясын қаржыландыру және импортты алмастыратын жаңа өндірістерді құру мәселелерін талқылады.

2020 жылдың қорытындысында құрылыс материалдарын өндіру 1,8% өсіп, 667,5 млрд. теңгені құрады. Бейбіт Атамқұлов елімізде тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу кезінде отандық өнім үлесін арттыру қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар, министр жергілікті атқарушы органдарға жергілікті құрылыс материалдары өндірісінің дамуына, өнім бағасына мониторинг жүргізуді және негізгі құрылыс материалдары бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеуді тапсырды.

«Біз жоспарланған құрылыс көлемі аясында алдағы 5 жылға арналған құрылыс материалдарының қажеттілігіне талдау жүргіздік және бірінші кезектегі қажетті материалдар тізбесін айқындадық. Олардың жалпы саны – 24. Оның ішінде 10 позиция бойынша, атап айтқанда темір-бетон бұйымдары, құрғақ қоспалар, қабырға блоктары, кірпіш сияқты тауарлар бойынша отандық өндірушілер ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтей алады. 11 позиция бойынша еліміздің кәсіпорындары сұраныстың шамамен 50% қамтамасыз етеді. 3 позиция бойынша әзірге елімізде өндіріс жоқ. Тапшы құрылыс материалдарының импортын алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға жұмысымызды шоғырландырамыз»,-деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов.

Құрылыс – Қазақстан үшін маңызды сала. Ол өнеркәсіптің басқа салаларына қатысты қолдау және қызмет көрсету функцияларын орындайды.

Құрылыс материалдары өндірісін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті қысқа мерзімде әзірлеп, нарыққа қатысушылармен және бизнес өкілдерімен бірге талқыланады.

Анықтама үшін:

2020 жылы 667,5 млрд. теңгеге құрылыс материалдары өндірілді. Нақты көлем индексі 101,8%.

Соңғы 3 жылда құрылыс материалдарының импорты 5%  қысқарып, 989 млн. АҚШ долларын құрады.

2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін 79 инвестициялық жоба іске асырылып, 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, 18 импортты алмастыратын жобаны жүзеге асыру арқылы 4 мың жаңа жұмыс орнын құрылады.

ДереккөзҚР ИИДМ сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған