Жалпы ақпарат

«Мемқалақұрылыскадастры» РМК Бас директоры

«Мемқалақұрылыскадастры» РМК Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 маусымдағы №736 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін қалыптастыру және оны жүргізумен технологиялық байланысты, қала құрылысы жобаларын: Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, өңірлерді және агломерацияларды аумақтық дамытудың өңіраралық схемалары мен басқаларды әзірлеу мен өзектендіруді көздейтін жұмыстарды орындау үшін құрылды.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрында аумақтардың, ғимараттар мен құрылыстардың жағдайы, құрылыс салуды жоспарлау, елді мекендер аумақтарының инженерлік қамтамасыз етілуі туралы мәліметтер қамтылады.

Қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (МҚК ААЖ) республиканың бүкіл аумағында ақпаратты жинауды, өңдеуді, тіркеуді, сақтауды және ұсынуды бірыңғай есепке алуды қамтамасыз етеді.

«Мемқалақұрылыскадастры» РМК-ның филиалдары 17 облыста, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейді және халыққа мынадай қызмет түрлерін көрсетеді: мемлекеттік қала құрылысы кадастрынан мәліметтерді ұсыну (құрылыс салу үшін рұқсат беру құжаттамасы, сәулет-жоспарлау тапсырмалары, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға техникалық шарттар және т. б.), оның ішінде бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары және олардың регламенттері үшін, инженерлік коммуникацияларды түгендеу.

«Мемқалақұрылыскадастры» РМК-да жетекші профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегерлері жұмыс істейді.