14 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы қалалардың кешенді құрылысының стандартын (бұдан әрі – Стандарт) талқылауды ұйымдастырды.
6 кітап пен 4 каталогтан тұратын әдістемелік құжат түріндегі стандартты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті (бұдан әрі – Комитет) әзірледі және ол қала ортасы мен тұрғын үйге қатысты көше орамдарының параметрлерінен бастап жеке пәтерлерді жоспарлауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Стандартты таныстыру барысында жайлы қалалық орта мен құрылыс салудың жаңа тәсілдерін дамыту, қала құрылысы регламенттерін нақты сақтау, әлеуметтік, экологиялық және инфрақұрылымдық проблемаларды болдырмау қажеттілігі атап өтілді.
Стандартты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері: «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директорының орынбасары Карлыгаш Мулдагалиева және Комитеттің ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі Нуржан Досаев кәсіби қоғамдастықпен және бастамашыл азаматтық топтармен стандартты практикалық қолдану сұрақтарына жауап берді.