Деректерді тексеру шараларын биыл сәуір айына қарай аяқтау жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР ИИДМ пайдалануға берілген көп пәтерлі және жеке тұрғын үйлердің барлығын тексеруді жоспарлап отыр. Ақпан айының соңына дейін әкімдіктер тиісті объектілердің тізімін жасайды. Наурыз айының соңына дейін статистика және әділет органдарының деректер базасымен салыстырып тексеру жүргізіледі»,-деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2022 жылғы 8 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың орындалуына қатысты өткен Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ҚР ИИДМ басшысы деректер сәйкес келмеген жағдайда ведомство тиісті ұсынымдар әзірлеп, шешімдер қабылдайтынын атап өтті.
Қайырбек Өскенбаев Премьер-Министрге жалдамалы баспананы субсидиялауға өтінімдер қабылдау бойынша цифрлық платформаны іске қосуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысы туралы да хабарлады. Министрдің айтуынша, жоба 15 наурыздан бастап пилоттық режимде іске қосылады.
«Платформа электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінім беруді және өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Әділет министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек министрліктердің мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау арқылы іске асырылады. Өтінімдерді қабылдауды 5 сәуірден бастауды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Дереккөз: ҚР ИИДМ сайты