ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бүгін Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыруға және жалпы құрылыс саласының жұмысына ықпал ететін жаңа цифрлық алты жоба туралы айтып берді. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, құрылыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыспен салынып жатқан нысандар бойынша барлық деректер (құрылыс материалдары мен жұмыс кестесін қоса алғанда) келесі жылдан бастап Е-Qurylys бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қадағаланады. Барлық төлемдер өз кезегінде Blockchain-платформасы арқылы осы жүйеге енгізілген ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Нәтижесінде бюджеттен жұмсалған әрбір теңгені пайдалану барынша ашық жүргізіледі. Мемлекеттік нысандардағы құрылыс процесін цифрландыру (жасырын жұмыстардың барлық журналдарымен және орындалған актілермен) жұмыстары басталды. Келесі жылдан бастап процесс толығымен автоматтандырылады. Бұдан басқа, Құрылыс жобаларының мемлекеттік дерекқоры негізінде ҚР ИИДМ мамандары ірілендірілген сметалық нормативтерді пысықтап, қалыптастырды. Сондай-ақ, құрылыс объектісінің шекті құнын жылдам есептеуге мүмкіндік беретін және оның құнын асыра бағалауды болдырмайтын онлайн-калькулятор әзірледі. Калькулятор мемлекеттік сараптама порталында бекітілген (epsd.kz). Тағы бір цифрлық жаңалық – отандық құрылыс материалдарын онлайн-сатуға арналған «Маркетплейс» ақпараттық алаңы. «Маркетплейс» құрылыс материалдарының құнын 15% дейін төмендетуге мүмкіндік береді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Отандық өндірушілер мемлекет қолдауымен ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасуға және құрылыс материалдарын белгіленген құнымен сатуға мүмкіндік алады. Құрылыс салушыларға да тиімді»,-деп есептейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі. Сондай-ақ, құрылыстағы жергілікті қамту үлесін арттыру үшін ҚР ИИДМ қолданылатын құрылыс материалдарының толық номенклатурасын көрсететін электрондық тізілім жасады. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерде отандық құрылыс материалдарын міндетті түрде қолдану жөніндегі талаптар заң жүзінде бекітілді. Е-Qurylys жүйесінің блокчейн-тетіктері арқылы сатып алынған отандық құрылыс материалдары бойынша мердігерлердің есептері Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетіледі және объектінің жобалық-сметалық құжаттамасында көрсетілген деректермен автоматты түрде салыстырылады. Порталдарды интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Вице-министр Қайырбек Өскенбаевтың атап өткендей, құрылыс сапасын арттыру мақсатында ҚР ИИДМ зерттеу, зерделеу жұмыстарына мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Сондай-ақ бас жоспардың және нақтылау жоспарының құрылыс салушылар үшін ғана емес, халық үшін де қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа қала құрылысы жүйесін әзірлейді. Азаматтар онлайн-режимде құрылыс нысандары құрылысын бақылай алады. Құрылыс саласын цифрландыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымдық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру, құрылыс саласының дамуын тежейтін артық талаптарды жою, сондай-ақ құрылыс процесін қоғамдық бақылау үшін азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде атқарылып жатыр.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі