ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) қызметіне мониторинг жүргізді. Әсіресе, еліміздегі ірі АЭА-ға, оның ішінде «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік», «Қорғас» ШЫХО», «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «ҰИМТ» ерекше мән берілді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында бүгін ҚР ИИДМ-де арнайы экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері қаралды. Жиынға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, АЭА басқарушы компанияларының, институттар мен салалық ұйымдардың бірінші басшылары қатысты.
Жиын барысында жер ресурстарын тиімді іске жарату, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық және инвестициялық әлеуетті пайдалану, сондай-ақ шығарылатын өнімдердің экспортын дамыту мәселелері қаралды.
2002 жылдан бастап қазақстандық АЭА-да 15 000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, жалпы құны 1 трлн теңге болатын 292 жоба іске қосылды. Өнім өндіру көлемі 3,8 трлн теңгені құрады, оның 282,8 млрд теңгесі – экспорт (7,5%). Салық төлемдерінің сомасы 216,3 млрд теңгені құрады.
Мысалы, «Оңтүстік» АЭА аумағында шағын және орта бизнес кәсіпорындары шоғырланған тоқыма кластері құрылды. Ал, «Астана-жаңа қала» АЭА-да темір жол машина жасау кластері негізін қалады. Мұнай-химия кластерінің негізі «ҰИМТ» АЭА-да дамуда, сондай-ақ «Ақтау теңіз порты»АЭА аумағында туризм саласы өркендеуде.
Бүгінде 178 жоба іске асырылу үстінде. Олардың жалпы құны 8,3 трлн теңгені құраса, 15 мың жұмыс орнын құру қарастырылған.
Өз кезегінде кездесуге қатысушылар АЭА жұмысының тиімділігін атап өтті. Аймақтардың инфрақұрылымына салынған 1 бюджеттік теңгеге 3,9 теңге инвестиция тартылады.
Анықтама үшін:
Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 АЭА құрылып, жұмыс істеуде. Олардың қызметін бақылауды 12 басқарушы компания жүзеге асырады. Барлық АЭА-ның жалпы ауданы 20 000 гектардан асады.
Дереккөз: ҚР ИИДМ сайты