2021 жылғы 2 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» баспасөз мәслихаты болып өтті.
Баспасөз мәслихатының спикерлері:
– Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы М. Қарабаев;
– «QazIndustry «қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Б. Бекенов;
– Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Л.Садыкова.
Жиында Индустрияландыру картасы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын (ИИДМБ) іске асырудың негізгі тетігі екені атап көрсетілді. 2020 жылы Индустрияландыру картасы аясында 916,8 млрд теңге сомасына 201 жоба пайдалануға беріліп, 18,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өткен жылдың ірі жобаларының бірі – Алматы қаласында ашылған Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автомобильдер шығаратын отандық зауыт. Инвестицияның жалпы көлемі – 28 млрд теңгеден асады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 45 мың техника. Тағы бір ірі жоба – Қарағанды облысында іске қосылған автобус өндіретін «QazTehna» зауыты. Өндірістік қуаты – 1 200 автобус.
Биыл да ИИДМБ іске асыру бойынша белсенді жұмыс жалғасады. Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 110 жобаны іске қосу жоспарланған. 12 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Мысалы, Жәйремде іске қосу көзделген жаңа байыту фабрикасы. Бұл қосымша 100 мың тонна қорғасын және 550 мың мырыш концентратын береді. Сондай-ақ, Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының қайта өңдеу қуаттарын кеңейту жоспарланып отыр.
Қазақстандағы өндіріс көрсеткіштері
Коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, 2020 жылдың қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Атап айтқанда, металлургияда өндіріс көлемі 2,6% (қара металлургияда – 4,1%, түсті металлургияда – 2,8%), машина жасау саласында – 16,3% өсті. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 15% артты. Бұл өсімге тоқыма бұйымдарын шығару 4,5%, киім-кешекті – 5,5%, былғары және оған жататын өнімдерді шығарудың 131,1% артуы есебінен қол жеткізілді. «Химфарм» АҚ, «Dolce» ЖШС және «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС кәсіпорындарында өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты отандық фармацевтикалық өнеркәсіпте 47%-тік елеулі өсім болды.
Пандемия
Коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде отандық кәсіпорындар екпінді режимде жұмыс істеуде.
Қорғаныс бетперделері өндірісі тәулігіне 1,5 миллион данаға дейін жетті. Күніне 330 мың жұп қолғап шығарылады. 6 қазақстандық компания айына 504 мың қорғаныс костюмдерін шығарады.
Пандемиямен күрес үшін республика өңірлеріне 1167 санитарлық көлік жеткізген отандық автоөнеркәсіп те жақсы қарқын көрсетіп отыр.
Дереккөз: ҚР ИИДМ сайты